Халықаралық серіктестегі қалалық жоғары оқу орны / Мемлекеттік лицензия АБ 0137478
Халықаралық аккредитация ACBSP (АҚШ) / Институциональдық жәнемамандандырылған аккредитация БСҚЕЖҚТА(Қазақстан)

Көптілділік жүйесіндегі мемлекеттік тілдің орны

Нұрланова Ә.Н.

Бүгінгі күні біздің сөздік қорымыздағы «жаһандану», «көптілділік» деген сөздер ақжем болып, байыбына бармай ұрандата беретін ұғымдарға айналып барады. Шындығына келгенде, бұл ұғымдар бүкіл елдің саяси бағытын, болашаққа көзқарасын, ұстанымын көрсетеді.

Жаһандану – әлемдік ғылыми-техникалық жетістіктерге жетелейтін көпір, дүниежүзілік ғылым мен өндіріске бастайтын төте жол. Бұл құбылыс жер шары халқы өмірінің бар саласына енуде, оның ішінде тілдік кеңістік те бар. Әрине, көптілділік – адамның жалпы мәдениетінің ілгерілеуіне жетелейтін озық құбылыс. Біз тарихтан ірі-ірі  ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің өз ана тілімен қатар шет тілдерін де еркін меңгергендігін білеміз.

Тілдік құзыреттілік, ақпараттық және коммуникативтік құзыреттіліктермен қатар, әлемдік білім беру кеңістігіндегі басты құзыреттіліктердің бірі болып танылады. Көптілді білім берудің өзектілігі саяси-экономикалық, мәдени интеграцияларға бағытталған  жалпы әлемдік тенденциялармен анықталады.  Көптілді білім беру тілдің көмегімен әлемдік өркениетке енудің, әр түрлі елдер мен халықтардың  мәдени-тарихи және әлеуметтік тәжірибесін үйренудің, арнайы білімдер саласын меңгерудің бір тәсілі ретіндегі  мақсатты құбылыс болып табылады. Әлемдік білім беру іс-тәжірибесінде көптілді білім беру жаңалық емес, атап айтқанда, АҚШ пен көптеген Еуропа елдерінде бұл бағытта жетістіктерге қол жеткен.

Бірақ, көптілділік контекстінде мемлекеттік тілдің орны қандай болмақ? Көптілділік жағдайында барлық тілдерді  бірдей дамыту мүмкін бе? Ендігі мәселе сонда.

Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын, мәртебесі Конституцияда бекітілген мемлекет негізін құраушы халықтық тіл. «Мемлекеттік тіл» түсінігі ғасырлардан бері қолданылып келе жатқан ұғым. Мемлекеттік тіл ретінде сол мемлекеттегі этностардың біреуінің, кейде бірнешеуінің тілдері қолданылуы да ұшырасады немесе ешбір тілдің мемлекеттік мәртебесі болмауы мүмкін. Америка Құрама штаттарында ресми тіл ағылшын тілі болып саналғанымен, кейбір аймақтарда француз, гавай, испан тілдерінің ресми тіл мәртебесі бар.

Ал  Кеңестер Одағында орыс тілі мемлекеттік тіл, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолданылса да, мемлекеттік тіл деп аталмаған. 1978 жылғы азербайжан, армян, грузин және абхаз тілдері мемлекеттік тіл мәртебесін иеленсе,  тіл туралы алғашқы заң 1989 жылы Эстнонияда  қабылданды. Одан соң Литвада, Латвияда, 1989 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда, қазанында Украинада, 1990 жылдың қаңтарында Белорусияда қабылданды.

Жалпы, тілдердің құқықтық мәртебесі  әр түрлі елдерде әр түрлі ұғымдармен  анықталады. Мысалы, «мемлекеттік тіл», «ұлттық тіл», «уақытша мемлекет тілі», «ресми тіл» т.б. Мысалы, Үндістанда ағылшын тілі – уақытша мемлекет тілі. Ирландияда ирланд тілі – бірінші ресми тіл, ал ағылшын тілі – екінші ресми тіл болып саналады. Францияның Конституциясында  «Республика тілі», Норвегия конституциясында «ел тілі» термині қолданылған.  Мавритания Республикасында  араб тілі - «ұлттық тіл», ал француз тілі – «ресми тіл».

Бірқатар әдебиеттерді ақтара отырып, көптілді мемлекет саясатының да өзіндік тарихы бар екендігіне көз жеткізуге болады. Американың 17, Азия елдерінің 32,  Африка елдерінің 47, Еуропа елдерінің 48, Австралия мен Океания елдерінің 71 пайызы көптілді саясат ұстанады. Бірқатар елдерде екі бірдей тілде мемлекеттік мәртебе болса, кейбір елдерде одан да көп тіл мемлекеттік тіл ретінде қолданылады. Айталық, Сингапурда 4 тіл: малай, қытай, тамиль және ағылшын тілдері, ЮАР-да  12 тіл мемлекеттік мәртебеге ие. Бұл құбылыстың ар жағында халықтың этнолингвистикалық ерекшелігі, әлеуметтік-экономикалық себептер, сонымен қатар бұрынғы отар елдерге ұлы державалардың тілдерінің әсері де бар.

Қазіргі жаһандану дәуірінде біздің ағылшын тілін меңгеруіміз керектігі даусыз. Ағылшын тілі қазақстандық капиталдың әлемдік нарықтағы құндылығын арттыру үшін қажет. Ағылшын тілімен қатар, сол тілде сөйлейтін елдердің білім мен техникасындағы жаңалықтар, қол жеткізген жетістіктері келеді. Жер жүзіндегі халықтың 1,5-2 миллиардқа жуығы ағылшын тілінде сөйлейді немесе ағылшын тілі мемлекеттік тіл болып саналатын елдерде тұрады. Сонымен қатар, орыс тілі де ұлт аралық қатынас тілі ретінде маңызды.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі саяси-лингвистикалық реңкке ие болып отыр. Себебі, Қазақстан – көпұлтты ел. Қазіргі білім беру жүйесінде көптілділікті оқыту мен ел территориясындағы тілдерді дамытуда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы, «Білім беруді дамытудың 2011-20 жылдарға арналған жоспары», «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекетті бағдарламасы» басшылыққа алынуда.

Көптілділіктен қашпау керек, қайта әлемге ашылған терезе ретінде қабылдау қажет деп ойлаймын. Қазіргі жаһандану дәуірінде көп тіл білу, оны мемлекет саясатына енгізу  - заманның өзі туғызып отырған қажеттілік. Дегенмен, үштілділік жүйесінде мемлекеттік тілдің маңызын аласартып алмай, «Өзге тілдің бәрін біле отырып, өз тіліңді құрметтеу» қажет екенін ұмытпаған абзал.

 

 

 

 

Яндекс.Метрика
© 1994-2018 Қазақстан-Американдық еркін университеті (ҚАЕУ). Барлық құқықтар қорғалған.

Қазақстан Республикасы ШҚО,070018, Өскемен қаласы, М.Горький көшесі,76

+7(7232)500-300  +7(7232)505-030   +7(7232)50-50-10   +7(7232)50-50-20 kafu_ukg@mail.ru