Халықаралық серіктестегі қалалық жоғары оқу орны / Мемлекеттік лицензия АБ 0137478
Халықаралық аккредитация ACBSP (АҚШ) / Институциональдық жәнемамандандырылған аккредитация БСҚЕЖҚТА(Қазақстан)

Көптілділіктің көпқырлылығы

Тургумбаева Н.К.

«Көптілділік – заман талабы» деген қағидаға әрқайсысымыздың–ақ тәлімгерден естіген құлағымыз да, БАҚ құралдарынан көріп,оқыған көзіміз де әбден үйренген. Көптілді болудың еліміз ғана емес, әлемдегі пайдасын айғақтап көрсету – әлдеқашан өзектілігін ашқан тақырып. Дегенмен де, төменде баяндалар ойымыздың толық ашылуы үшін көптілділіктің, соның ішінде біздің елімізде белең алған үш тұғырлы тілдің ұтымды тұстарын қысқаша қайталап өтсек:

  1. Ұлтаралық қарым- қатынас. Тіл –көпұлтты мемлекетте ұлттар татулығының басты құралы.
  2. Мемлекетаралық қарым-қатынас. Бұл тұста экономика мен түрлі әлеуметтік салалардағы тілдің атқарар қызметін түсіндіріп жату артық болар.
  3. Ақпаратқа қолжетімділік. Мұнда аударма арқылы келген ақпараттың деформациялануы әр түрлі қателіктер мен түрлі саладағы келеңсіздік әкелу қаупі орасан ененін мойындамай қоюға болмайды.
  4. Білім беру мен ғылым саласында көптілділіктің пайдасы шексіз. Бұл- жоғарыда аталған ақпаратқа қол жетімділік те, ғылымның дамуы да, түрлі білім беру бағдарламалары да, т.б.

Еліміздің көптілділік (үш тұғырлы тіл) саясатының баршамызға аян  артықшылығы осы болса, мейлі елдегі саясат полилингвті қолдамаса да, жеке адам үшін осы дағды қандай пайда беретінін зерделедік:

Біріншіден, ойлау қабілеті. Ғалымдардың зерттеуіне сенсек, тіл қолдануда адам миының белгігі бір аймақтары белсенді болады. Канадада ағылшын және француз тілдерін білетін балалар мен тек бір ғана тілді меңгерген балалардың IQ деңгейін салыстырып көрген. Зерттеушілер алғашқылардың нысандар мен құбылыстар арасындағы назарын тез ауыстыруда және ұғым қалыптастыруда қабілеттерінің әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткізді.

Екіншіден, назар тоқтату қабілеті. Аталған зерттеуде билингв балалар тек бір-екі аспектіде өз назарларын тоқтатып қана қоймай, басқа аспектіге деген  назарларын мүлдем өшіріп  тастауға бейім болып шықты. Ал ересек адам бұл тұрғыда күрделі екіұшты жағдайды көтере алып, қақтығысты (конфликт) тез шеше алады екен.

Үшіншіден, шығармашылық ойлау. Бұл  көрсеткішті бағалау үшін балаларға түрлі заттарды қалай қолдануға болатынын ойлап табуға тапсырма берілді. Мысалы, кірпіш, картон қорабы, түйме. Бірнеше тіл білетін балалардың идеялары әлдеқайда көп болып шықты.

Төртінші дәйегіміз де ғылыми тұрғыда арнайы бақылау нәтижесіне негізделген. Бұл – Альцгеймер ауыруының (көбі оны кәрілік шақтағы алжумен шатастырады) алдын –алу.  Канадада өткізген зерттеу бойынша ауыру симптомдары бірнеше тіл білетін науқастарда 4 жылға кейін басталды. Демек, бұл науқастардың миы зақымдалса да,  бір ғана тіл білетін науқастардың миынан әлдеқайда көбірек уақыт қызметін атқарып отырған. Ал Израильдегі зерттеулер мультилингвизмнің жалпы қартаю үрдісін баяулататынын дәлелдеген (polina.harbertstudio.com/o_polze-izuchenia-inostrannyh-yazykov/).

Енді ғылым дәлелдеген фактілерді  былай қойып, көп тіл білудің адамның жалпы дамуына әсерін анықтайық.

Билингвтің жеке тұлғасы. Тілдің морфологиялық, синтаксистік құрылысының ерекшеліктері адамның тұлғалық ерекшеліктеріне әсер етпей қоймайды. Айталық, орыс тілінде зат есім көп болса, ағылшын тілінде етістіктер  басым екен. Осыдан ағылшынша сөйлейтіндер неғұрлім әрекет етуге бейім болса, орыс халқы  талқылау, ойға шому, өнер мен философияға жақын болып келеді (салыстармалы түрде) (www.psychologos.ru/articles/view/o_polze_bilingvizma/).

Ал қазақ тілінің негізгі сөздік қорын зат есім мен сын есім байытып отырғанына көз жеткізсек, ұлтымыздың да діл ерекшеліктерін бөліп көретуге болатын шығар.

Дүниетаным. Тіл басқа тіл мен оның тасымалдаушысының өмірінде жоқ белгілі бір құбылыстардың (реалийлердің) атауы бола алады. Айталық, Америкада «драйв ин» деген ұғым бар. Мағынасы – көлік ішінде тамақтану, теледидар тамашалау, және т.б. Демек, тіл дүниетаным шеңберін кеңейтеді. Сол сияқты қазақ тілін үйреніп жүрген адам – құрт, сүзбе, бас тарту, бата беру, жоқтау, сүйінші сұрау, т.б. (архаизм емес!) сөздермен бірге өздері үшін көп жаңалық ашып, халықтың таным-түсінігі мен мәдениетіне жақындай түседі.

Сезім. Егер қазақ тілінде «ренжу» сөзі тек «өкпелеу» сияқты сөзбен тең дәрежелі синомим болса, ағылшын тілінде өкпелеудің resentment, grievance, injury, insult, offence сияқты түрлі « деңгейлері» бар екен. Мағынасын түсініп, еске сақтау үшін адамға әр түрлі деңгейдегі өкпелеу сезімін бастан кешіру керек. Демек, жаңа сезім- жаңа әсер- жаңа тәжірибе. Бұл жерде тіл адамды рухани байытады.

Бұл айтылғандар  көптілділіктің  тек бір жағының көп қыры ғана. Профессор Дандай Ысқақұлы екінші шет тілін үйрену өмір қажеттілігінен туындап, еркіндік, теңдік, ізгілік  ниеттерімен жүрсе ғана ол – пайдалы деген. Ал Б.Хасановтың пайымдауынша, қостілділік екі жақты (қазақ – орыс, орыс - қазақ) болғанда ғана пайдалы. Өкінішке орай, еліміздегі бұл көрсеткіш тепе – тең емес. Ал үштілділікке қатысты бұл мәселе бойынша статистикалық зерттеу жүргізудің тіпті қажеті де жоқ. Көптілділіктің соңғы айтылған қыры – көп талқылауды қажет ететін тақырып болғанмен, ол да көп қырлы көп тілділіктің бір қыры.

 

 

 

 

                               

Яндекс.Метрика
© 1994-2018 Қазақстан-Американдық еркін университеті (ҚАЕУ). Барлық құқықтар қорғалған.

Қазақстан Республикасы ШҚО,070018, Өскемен қаласы, М.Горький көшесі,76

+7(7232)500-300  +7(7232)505-030   +7(7232)50-50-10   +7(7232)50-50-20 kafu_ukg@mail.ru