Халықаралық серіктестегі қалалық жоғары оқу орны / Мемлекеттік лицензия АБ 0137478
Халықаралық аккредитация ACBSP (АҚШ) / Институциональдық жәнемамандандырылған аккредитация БСҚЕЖҚТА(Қазақстан)

Білім берудің көптілділігі әлемдік білім беру кеңістігіне ену жолы ретінде

Абдрахманова А.К.

Қазіргі әлем - жаңалықтар мен өзгеше технологиялар, өзгерістер заманы. Заманның ендігі тетігі бүгінгі  күнмен тірлік ететін адамды емес, болашақты кеңінен ой елегінен өткізетін тұлғаны, келешекті кемел ойлай білетін, дүние өзгерістерінің себеп-салдарын жекелік талғаммен емес, жалпы адамзаттық өлшеммен қабылдайтын жандарды қажет етеді.

XXI ғасыр – ғылым ғасыры.  Жаһандануға бет бұрған заманда көптеген ұлттық айырмашылықтар азайып, тұлғаның алдында әр халықтың мәдени құндылықтарын, аға буынның барлық үздік тәжірибелерін пайдалану арқылы әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін қолайлы білімдік ортаны құру сияқты маңызды міндет тұр. Яғни, көпұлтты және көпмәдениетті ортада белсенді, әрі тиімді өмір сүруге мүмкіндігі мол, өзге мәдениеттерге түсіністік және құрметпен қарай алатын, бейбіт және ынтымақтастықта өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін көптілді білім беру қажет.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында: «Білім беру реформасы табысының басты өлшемі-тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз» - деген болатын. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеріп отыратын әлемде табысты білім алуға деген сұранысын қалыптастыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және оқыту басты мақсат болып отыр.

Көптілділік біздің қоғам үшін Елбасының «үш тұғырлы тіл» тұжырымдамасынан бастау алғаны мәлім. Тәуелсіз елімізде негізгі үш тілді дамытуға басымдық беріле отырып, мемлекетімізде өмір сүріп жатқан басқа халықтардың тілдері де назардан тыс қалған жоқ. Өйткені, мәдениет мен тілдердің сан алуандығы – бұл Қазақстанның ұлттық байлығы. Яғни, еліміздегі кез-келген этностың өкілі қай тілде білім алатынын ерікті түрде таңдай алады. Қоғамымызда барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытудың бірегей формуласы жасалып отыр оны Қазақстан халықтарының Ассамблеясынан көруге болады.

Білім беру жүйесінің түпкілікті модернизациялану үрдісінде шетел тілдері де алдыңғы қатарлы рөл атқарады. Үштілді білім беруге ұмтылу Еуропалық кеңес елдер тенденцияларына то- лыққанды сәйкес келеді.

Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Ия, расында да, ағылшын тілі қазақ жерінде өз үстемдігін жүргізе алмайды. Қазақстанда тек қазақ тілі ғана билік құра алады. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Үштілділікті халық үрейлі кейіпте елестетеды және де мұны ең соңғы өлу деп те қорқатындығын жасырмайды. Жоқ! Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес. Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу - әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек. Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу - ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны - аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақ тілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға үштілділік маманы деген құжат табыс еткен жөн.

Әбу Насыр әл-Фараби атамыз өз заманында жетпіс тілді жетік меңгерген дейді. Біз сол үшін өзіміздің ұлы тұлғаларымыздан үлгі алуымыз керек. Тарихқа үңілетін болсақ біз заманында қауһарлы елдердің әлсіз елдерді басып алып өзінің саясатын жүргізіп сол елге білімі мен тілін үйреткенін байқадық, кейбір елдер өз тілін ұмытып жоғалтып алса, кейбіреуі көзінің қарашығындай сақтап қалды. Қолдағы бар алтынның қадірі жоқ демекші, біз өзімізге қазіргі уақытта маңызды құндылықтарымызды бағалай алуымыз және оны ары қарай дамытуымыз ертеңгі ел болашағына зор үлес қосу деп санаймын. Болашақ жастар көп тіл білгеннен ұтылмайды керісінше көп нәрсені талдау, саралау кезінде ұтымды көзқарас жасай алады. Қазақстанды шет елге танытуға да көп көмегін береді.

Қара сөзбен әлемге таңдай қақтырған, әлем әдебиетімен тереземізді теңестірген Абайдың, қазақ қанына ғана тән суырып салма өнерімен талай жырды жырлаған ақын-жыраулардың ұрпағы, біздер, Қазақ жастарына үш тілді жетік меңгеру қиын емес деп ойлаймыз. «Оян қазақ» - деп ұрандаған Алаш азаматтары қаншама түркі тілдерін жетік меңгергені бізге мәлім. 1924 жылы маусымының 12-18 күндері аралығында Қазақ АКСР-нің сол кездегі астанасы Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» термин туралы (пән сөздері) баяндама жасаған Елдес Омарұлы былай деген: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, не күнделікті қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда - оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек». Бұл жерде айтайын дегенім кез келген шет елдегі кіріспе сөздер аударылмай сол күйінде қалуы керек. Оларды өз тілімізге аударған жағдайда бастапқыда аталатын мәні өзгереді.  

Ғылыми әдебиетте «көптілді білім беру - бұл білім беру мекемелерінде оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілде аудармасыз оқыту» деген ұғым қалыптасқан. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына жүгінсек, бүгінгі түлек – көптілді коммуникативтік және ақпараттық құзыреттілігі дамыған, көпмәдениетті, рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің жоғары деңгейін меңгерген, қазақ елінің және жалпықазақстандық құндылықтарды қастерлейтін, тілдерді меңгеруге тұрақты қызығушылық танытатын, отансүйгіштік және азаматтық сана-сезімдері дамыған тұлға.

Сол Алаштың жаққан тіл арқылы білімді игеру отын сөндірмейік деп, тіл үйренген, білім қуған жастар біз боламыз!

«Көптілділік» кез келген тұлғаның қалыптасуына және болашақта Қазақстан Республикасының жан – жақты дамуына әсер етуі үшін қажетті құралдардың бірі, сонымен қатар, «модернизациялану», «жаһандану» үрдістерін қабылдаудың бірден-бір құралы болып табылады. Қорыта келе, көптілділікті жеке тұлға қылаптастырудың негізі ретінде қарастырып, зияткер тұлға қалыптастыруды заманауи халықаралық деңгейде білім беру кеңістігіне шығатын дара жолдың зерттеу нысаны есебінде санау қажет.

 

 

 

 

Яндекс.Метрика
© 1994-2018 Қазақстан-Американдық еркін университеті (ҚАЕУ). Барлық құқықтар қорғалған.

Қазақстан Республикасы ШҚО,070018, Өскемен қаласы, М.Горький көшесі,76

+7(7232)500-300  +7(7232)505-030   +7(7232)50-50-10   +7(7232)50-50-20 kafu_ukg@mail.ru