Тәрбие басы – тіл

Едильбаева Г.Б.

Қазіргі өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы болып саналады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – тілі мен ата дәстүрі. Халықтың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер баршылық. Оған мысал ретінде  XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Махмұд Қашқаридың  «Тәрбие басы — тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөздерін келтіруге болады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. Ата заңымызда әлемдік тілдердің кез келгенін оқып – үйренуге, тануға ерік берілген. Мемлекетіміздің саяси, экономикалық, мәдени байланыстары бірнеше тілде білім алуды қажет етеді.

Осыған орай қазір Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі – көптілділік мәселесі. Бұл ұғымның астарында  «Көптілділік белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік» деген мағына жатыр.  Үш тілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет»-деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру - заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі.

Бүгінгі Қазақстанға технологиялық, ғылыми, медициналық және басқа да салалардағы жетістіктерді өзінің ана тілінде меңгеріп, халқының игілігіне пайдалану үшін, халықаралық байланыстарды нығайтып, әлемдік аренаға шығу үшін көп тіл білетін мамандар даярлау қажеттілігі туындап отыр.  Қазіргі Қазақстанның болашағы үшін осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан-Американдық еркін университеті халықаралық серіктестіктегі жеке меншік университет ретінде  өркениетті әлемнің критерийлеріне сәйкес мамандарды дайындаудың осы  қажеттілігін іске асыру мақсатында өз қызметін бастап кеткен болатын.

    Еңбек нарығында лайықты бәсекеге түсе алатын мамандарды дайындаудың жоғары деңгейі 1999 жылы ҚАЕУ алғашқы түлектеріне ҚР Президенті Н.Назарбаев екі тілдегі: қазақстандық және американдық екі дипломды табыстаған кезде белгілі болған еді. Бүгін ҚАЕУ түлектерінің дипломдарын World View Ассоциациясының мүшелері болып табылатын халықаралық университеттер мойындап отыр.  ҚАЕУ осы ассоциацияның ресми мүшесі.  Бүгінгі таңда университет Орегон штаты территориясында білім беру қызметін жүргізу құқығымен осы штаттың толық құқықты ЖОО  ретінде  тіркелген.  Оқу жоспарлары мен бағдарламаларын бір ізге салудың, екі елдің білім беру технологияларының прогрессивті элементтерін пайдаланудың арқасында осы жетістікке қол жетті.   

ЖОО-ның моделі үш бағдарламадан тұрады: американдық бағдарламадан,  (оқыту ағылшын тілінде және орыс тілінде), қазақстандық бағдарламадан (оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) және көп тілді (оқыту қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде).

Оқу процесіне шетелдік  серіктестер АҚШ, Канада, Европа, Австралия университетерінің оқытушылары мен тәжірибелі заңгерлер, менеджерлер, бизнесмендер қатысады.  

Жыл сайын Қазақстанда Оклахомск Университеті (АҚШ) бизнес мектебінің студенттері мен Нортвест Университеті (АҚШ) медбикелік ісі факультетінің студенттері үшін қарым-қатынас, тілдік практика мақсатында жазғы мәдени-лингвистикалық бағдарлама ұйымдастырылады.

ҚАЕУ-де көптілділік және халықаралық бағдарламалар орталығы жұмыс істейді. Орталықтың негізгі миссиясы білікті мамандарды дайындауға қабілетті университет, халықаралық серіктестік, білім және ғылымның аймақтық орталықтары ретінде олардың қызметін орындауды қамтамасыз ететін халықаралық жоғары оқу орындары арасындағы университеттердің байланысын дамыту бойынша іс-шараларды жоспарлау және ұйымдастыру болып табылады.  Осыған орай университеттің оқытушыларын, қызметкерлері мен студенттерін, магистранттар және докторанттарын шетелге іссапарға жіберу арқылы,  тілдерді үйрену жақсы жолға қойылған.

Қазақстан-Американдық еркін университеті жаратылыстану-ғылыми және инженерлік-техникалық, педагогикалық бағыт бойынша көп тілді қызметкерлер құрамын дайындау бағдарламасын 2013-2014 оқу жылынан бастап енгізді.   2013-2014 оқу жылында университетте  5В070300 «Ақпараттық жүйелер» және 5В010200 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша екі көп тілді топ құрылды. Халықаралық ынтымақтастық және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім Департаментінің шешімімен  Қазақстан-Американдық еркін университеті 2014-2015 оқу жылына көп тілді қызметкерлер құрамын дайындау бағдарламасына енгізілді. 2015-2016 оқу жылында   5В070300 «Ақпараттық жүйелер» және 5В010200 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша үш көп тілді топ құрылды.Оқу процесін сапалы ұйымдастыру мақсатында көп тілділік білім беру бағдарламасы дайындығын жүзеге асыратын мамандықтардың ОЖЖ, қазақ және орыс, ағылшын тілдеріндегі пәндердің ОӘК, ЭПК, көп тілділік бойынша білім беру бағдарламасының құрылымдары әзірленді. Осы құрылымдарға сәйкес көп тілді қызметкерлер құрамын дайындауды жүзеге асыратын   мамандықтардың оқу жұмыс жоспарларының пәндері қазақ тілінде оқытылатын пәндер, орыс тілінде оқытылатын пәндер, ағылшын тілінде оқытылатын пәндер болып үш топқа бөлінді.

Көп тілді мамандарды дайындауға ҚАЕУ-мен серіктестіктегі шетелдік университеттердің оқытушылары қатысады: Concordia University  (АҚШ), Warner Pacific College (АҚШ), Northwest Nazarene University (АҚШ). Университеттің тілдерді оқып үйрену процесін ұйымдастыруға арналған қажетті материалдық техникалық базасы бар: ағылшын тілінен практикалық сабақтар өткізу кезінде жиі қолданылатын және дыбыс түрінде берілудің арнайы техникасымен жабдықталған  лингафондық кабинет және мемлекеттік тілді оқыту кабинеті. 2013-2014 оқу жылында ҚАЕУ-де «Көп тілділік-білім беруді дамытудың ресурсы ретінде» атты ғылыми-әдістемелік бағдарлама әзірленіп жүзеге асырылды.

2010 жылы ҚАЕУ-де жастар саясатының міндеттері мен мақсаттарын шешу үшін және ЖОО-да студенттік қызметтің дамуын ескере отырып, студенттік даму Орталығы құрылған болатын. Орталық қызметіндегі негізгі орынды ай сайын шығатын “Free Students” студенттік газеті алады. Газетке  оқытушылар, студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша мақалалар жазып, ой бөлісе алады.

Студенттік даму орталығының Мәдени-көпшілік клубы Тәуелсіздік күніне және басқа да айтулы күндерге арналған қазақ, орыс және басқа да тілдерде баяндамалар, өлеңмен жазылған эссе, шығарма конкурстарын өткізуді дәстүрге айналдырған.

Университетте Көңілді тапқырлар клубының қазақ және орыс тілдеріндегі лигалары белсенді қызмет етеді.   Сондай-ақ Бизнес клуб, дебат лигасы, «Фемида» Заң клиникасы, волонтерлік Ассоциациясы, психологтар Клубы, тілдер Клубы, «Liberty» Туристік клубы өз қызметтерін үш тілде жүзеге асырады. Оның себебі ҚАЕУ-де әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын студент жастар білім алуда.

Сондықтан әр студент өз ана тіліне қанық болып және өзге бір ұлттың тілін жетік игеріп, сол ұлт азаматтарымен ойдағыдай тіл табыса білсе үлкен жетістік болар еді. Өмірде өзге бір ұлттың тілін білген адам, сол халықтың ішкі жан-дүниесін түсініп, күллі мәдени құндылықтарымен танысу орайына ие бола алады. Студенттеріміздің күн сайын жаңарып, тез қарқынмен дамып бара жатқан осы өмірге ойдағыдай сәйкесуі үшін, қос тілді болып қана қалмай, қайта көп тілді болуы төтенше қажеттілікке айналуда. Сондықтан, қазіргі қоғамда көп тілді білу әр адамды биік белестерге, жаңа өмірге бастайтын жол болып саналады.

Кезінде даналарымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай.Сондықтан көптілді меңгерген әр студент әуелі өз тілінде ой қорытып, туған халқына өнеге болып, өзге елмен бәсекеде беделді орынды иеленсе, сан мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалайда мағыналы өткізетін ерекше  тұлға болары сөзсіз.