Халықаралық серіктестегі қалалық жоғары оқу орны / Мемлекеттік лицензия АБ 0137478
Халықаралық аккредитация ACBSP (АҚШ) / Институциональдық жәнемамандандырылған аккредитация БСҚЕЖҚТА(Қазақстан)

Болашақ заңгерлер сот жұмысымен танысты

Еліміздің ең басты мерекесі – тәуелсіздік күні қарсаңында Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Қазақстан-Американдық Еркін университетінің «Заңтану» мамандығының 2-курс студенттері қонақта болып, ашық есік күніне қатысты. Шараның мақсаты – сот жүйесінің имиджін көтерін, жастардың сот саласына деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Тәуелсіздікпен тете туған жаңа буын болашақ заңгерлерге аталмыш соттың төрағасы С.М. Ибраев «Тәуелсіз елдің тәуелсіз сот жүйесі: кеше, бүгін және ертең» атты тақырыпта дәріс оқыды.

Сот төрағасы дәріс барсында студенттерге арнап, бүгінгі жас ертеңгі кәсіби маман, сондықтан бүгінгі басталған реформалардың ертеңгі заңды мұрагері өздері болатындығын ерекше екпін түсіре айтты.

– Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 24 жылдың көлемінде елде жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы дерлік, қоғамда тәуелсіз сот жүйесі қалыптаспай ешбір экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізу мүмкін еместігін дәлелдеп берді. Еліміздің сот жүйесі бірталай сот-құқықтық реформаларды басынан кешірді, әлі де атқарылар шаруалар ауқымы кең. Бүгінде мемлекетімізде қоғамдағы кез-келген даулы мәселелерді шешуге қабілеті бар жаңа сот жүйесі қалыптасып үлгерді деп мақтанышпен айта аламыз. Бұл – сөзсіз тәуелсіздіктің жемісі,- деп атап өтті Сайран Муфлинұлы.

Сонымен қатар ашық есік күні аясында студенттерге аталмыш соттың судьяларымен кездесу  ұйымдастырылды. Кездесу барысында студенттер судьяларға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Болашақ заңгерлерді қызықтырған сұрақтардың қатарында сот жүйесіндегі реформалар, бес сатылы соттан үш сатылы сот жүйесіне көшу сонымен қатар, судья болу үшін қойылатын талаптар және соттан іс-тәжірбиеден өту сынды сауалдар көп болды. Қойылған барлық сұрақтарға судьялар тарапынан  жан-жақты әрі нақты жауаптар алынды.

Аталмыш шара аясында студенттер сот кеңсесінде болып,  істердің «сот кабинеті» арқылы қалай келіп түсетінін және қалай ресімделетінін көріп білді. Сонымен қатар,  сот отырысының хатшыларының жұмыстарымен танысып, бірқатар ашық сот отырыстарына қатысып, әкімшілік сот өндірісінің қалай жүзеге асатындығына көз жеткізді.

Аталған іс-шара өз мәресіне таяғанда, студенттер Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында өткізген уақыт өздеріне ерекше әсер қалдырғандығын айтып, университет қабырғасында алып жүрген теориялық білімдерін осылайша тәжірбиеде сабақтап, жаңа дүниелерді көңілге түйіп, үлкен сабақ алғандықтарын айтып, риза болып тарқасты.

Тұрсұн Жандос Тұрсұнұлы

ҚАЕУ «Заңтану» мамандығы бойынша 2-курс магистранты

ҚР Президенті стипендиясының стипендианты


Яндекс.Метрика
© 1994-2018 Қазақстан-Американдық еркін университеті (ҚАЕУ). Барлық құқықтар қорғалған.

Қазақстан Республикасы ШҚО,070018, Өскемен қаласы, М.Горький көшесі,76

+7(7232)500-300  +7(7232)505-030   +7(7232)50-50-10   +7(7232)50-50-20 kafu_ukg@mail.ru